Ақтауда Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасы, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" және Ақтау қалалық суретшілер Одағының ұйымдастыруымен "Жеті түс"жобасы аясында шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шеберлік сабағында Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген қылқалам шеберлері, сондай-ақ Аймұрат Таңатов, Тынышбек Балтабаев секілді өңір халқына танымал суретшілер бейнелеу өнеріндегі сан қырлы бағыттар мен жанрларға бойлап, қыр-сырымен бөлісті. Сурет өнеріне бейім жас буынның эстетикалық талғамын оятып, көркемдік білімін тереңдете түсуді көздеген симпозиум еркін форматта өтті.
" Маңғыстаудың таңғажайып табиғатына тамсандым. Бейнелеу өте нәзік, бекзат өнер. Өскелең буынмен үндестік пен үйлесімде болу мен үшін маңызды. Жас өнерпаздың бойындағы шынайы дарын мен қабілетті көре алуымыз керек. Жастардан үйренеріміз өте көп. Сергек ойлы, қиялы ұшқыр жастарға үміт артамын. Ең бастысы - өнерге деген әділ көзқарас, коммерциялық мақсатты көздеуден ада болу. Шын мәнінде кәсіби тұрғыдан жоғары туынды көрерменнен әр кез лайықты бағасын алады. Әрине бір күн бойы бар білгенімізбен бөлісу мүмкін емес. Уақыт өткен сайын жаңарып, күрделеніп, дамып отыратын сан өнердің қыр-сырына қаныға түсу жас суретшілер үшін маңызды,- дейді Қырғызстан суретшілер Одағының мүшесі Жәнібек Бердікеев.
"Симпозиумға арнайы келдім. Бүгінгі сабақта студенттерге этюд, натюрморт, пейзаж жанры бойынша шеберлік сабағын өткізуді көздеп отырмын. Көбіне бояуы қанық көркем полотноларға қалам тербеймін. Жас суретшілермен пікір алмасып, өз тәжірибеміздің басты бағыттары жөнінде баяндаймын. Бейнелеу саласындағы жастардың мүмкіндіктері мол",-дейді өзбекстандық суретші Шавкат Маматкаримов.
Голрох Жеменей